Ақорда

Жол сапасы: мердігерлер ақауды өз есебінен жояды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Көлік министрлігінде өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» республикалық семинар-кеңесінің қорытынды отырысына қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Үш күндік іс-шара Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасымен ұйымдастырылды. Оған орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, өңір басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ компаниялар мен ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жол сапасы Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол инфрақұрылымын дамытудың нақты нәтижесіне баса мән беруді талап еткен болатын. Осыған байланысты жол сапасына қойылатын талаптарды күшейтіп, саладағы жауапкершілікті арттыру өзекті міндеттердің бірі болып отыр.

Жиында Премьер-министрдің бірінші орынбасары атқарылатын жұмыстардың сапасын бақылауды күшейтуді, жолдардың бұзылуына жол бермеуді айрықша атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар нысандарды белгіленген талаптарға толық сай болған жағдайда ғана қабылдауы қажеттігін жеткізді.

«Кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықталған жағдайда, оларды мердігерлер өз қаражаты есебінен жоюға тиіс», деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Семинар жол жұмыстарының жекелеген кезеңдеріне ғана емес, жергілікті жол желісін басқарудың тұтас жүйесіне баса назар аударды.

Негізгі тапсырмалардың бірі – облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне бір апта ішінде жергілікті жолдардың сапасын арттыру жөніндегі үш жылдық жоспарларды әзірлеуді жүктеу.

Жоспарлар жол жұмыстарының барлық кезеңін қамтуға тиіс. Атап айтқанда, басым учаскелерді айқындау, жобалау құжаттамасын әзірлеу, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу, олардың сапасын бақылау, жолдарды кейіннен күтіп-ұстау мәселелері ескерілуі қажет.

Семинар қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісінің сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер айқындалды.

Көп оқылғандар