Спорт

Флорентино Перес «Қайрат» иесіне есімі жазылған жейде сыйлады

Сурет: kairat4 парақшасынан

«Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев Мадридке жұмыс сапары кезінде «Реал Мадрид» президенті Флорентино Переспен кездесіп, одан есімі жазылған жейде сыйға алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Боранбаев бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, былтыр «Реал Мадрид» Алматыға толық құраммен келгенде Флорентино Перес жете алмаған, сондықтан бұл жолы ол Боранбаевты Мадридке қонаққа шақырған.

«Мадридте УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитетінің екінші вице-төрағасы ретінде жұмыс бабымен жүрмін», – деп жазды Қайрат Боранбаев.

Сапар барысында ол «Реал Мадрид» пен «Сельта» арасындағы кездесуді стадионнан тамашалап, Флорентино Переспен футбол жайында әңгімелескен. Кездесу соңында «Реал Мадрид» президенті оған артында «KAIRAT 1» деген жазуы бар жейдені сыйлаған.

«Мұнда кім «бірінші нөмір» екенін білмеймін: мен бе, әлде «Қайрат» футбол клубы ма? Менің ойымша, екінші нұсқа. Бірақ футболканы өзіме қалдырамын», деп әзілдеді клуб иесі.

Сондай-ақ Қайрат Боранбаев клубтың соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталып, мұның барлығы футбол академиясы мен қалыптастырып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

«Қайрат» футбол клубы бір жылда Чемпиондар лигасының алғашқы топтық кезеңінен әлемдегі ең ұлы клубтардың бірінің президентінің жылы сөздеріне дейін жетті. Бұл академия мен біз құрып жатқан жүйенің нәтижесі. Біз енді ғана бастадық», деп түйіндеді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті, «Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев биыл тамыз айында Халықаралық зағиптар спорт федерациясының атқарушы кеңесінің мүшесі болып тағайындалған болатын.

Көп оқылғандар