Спорт

Рауан Игенев World Boxing комитетінің төрағасы болды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы қызметіне сайланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аталған комитет халықаралық турнирлерді ұйымдастыру және жарыс жүйесін жетілдіру мәселелерімен айналысады. Оның құзыретіне бокстың техникалық ережелерін әзірлеу мен қайта қарау, спортшылар жабдығына, салмақ дәрежелеріне және жарыс өткізуге қатысты өзге де талаптарды белгілеу кіреді.

Бұдан бөлек, комитет халықаралық жарыстар күнтізбесін қалыптастыру, турнирлердің өткізілу форматын, әлемдік рейтинг жүйесін, спортшыларды жеребе кезінде орналастыру тәртібін және іріктеу талаптарын әзірлеу бағытында жұмыс істейді.

Сонымен қатар World Boxing жарыстарын өткізуге қойылатын талаптар мен қағидаларды белгілейді. Комитеттің барлық ұсыныстары мен қорытындылары Халықаралық федерацияның Атқарушы кеңесінің қарауына жіберіледі.

Еске сала кетейік, Шотландияның Глазго қаласында World Boxing Атқару комитетінің отырысы өтіп, онда 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) болатын Олимпиада ойындарына жолдама беретін бокс турнирлерін ұйымдастыратын мемлекеттер бекітілген болатын.

Көп оқылғандар