Қоғам

Астанада дрифт жасаған жүргізуші 20 тәулікке қамалды

Сурет: видеодан алынған кадр

Астанада BMW автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі қала көшелерінің бірінде қауіпті маневр жасап, дрифт ұйымдастырғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Оның көлік басқаруға рұқсаты болмаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Полиция мәліметінше, оқиға түнгі уақытта Жұмабаев көшесінде болған. Жүргізуші жол бөлігінде дрифт жасап, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Қауіпті маневрлер салдарынан жол жабынына зақым келген.

Тексеру барысында 22 жастағы азаматтың жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны анықталды. Оған жолда маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жол жабынын бүлдіру және көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізу деректері бойынша әкімшілік шара қолданылды.

Сонымен қатар автокөлікті жүргізу құқығы жоқ адамға бергені үшін көлік иесі де жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ал BMW автокөлігі коммуналдық тұраққа қойылды.

Еске салайық, бұған дейін бес күнде көлік жүргізу құқығынан айырылған 115 адам қамауға алынғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар