Әлем

Индонезиядағы кондитерлік фабрикада өрт: 36 жұмысшы хабар-ошарсыз жоғалды

Сурет: ашық дереккөз

Индонезияның Бантен провинциясындағы кондитерлік фабрикада болған ірі өрт салдарынан 36 қызметкер із-түзсіз жоғалып, үш адам қаза тапты. Тағы 16 жұмысшы аман құтқарылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Basarnas құтқару қызметінің мәліметінше, өрт 21 қараша күні кешкі уақытта Чиканде өндірістік аймағында орналасқан кәсіпорында тұтанған. Жалынды толық сөндіру жұмыстары келесі күні таңертең ғана аяқталды.

Өрт басталған кезде фабрикада барлығы 59 қызметкер болған. Олардың 16-сы құтқарылып, үшеуінің қаза тапқаны анықталды. Қалған 36 жұмысшының қайда екені әзірге белгісіз.

Қазіргі уақытта құтқарушылар ғимарат үйінділерін аршып, жоғалған адамдарды іздестіруде. Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жұмыс жүргізуде.

Өрттің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін фабрикада электр қуаты бірнеше рет өшіп, жарық сөніп қалған.

Хабар-ошарсыз кеткен жұмысшылардың туыстары кәсіпорын маңына жиналып, жақындарының тағдыры туралы ақпарат күтуде. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ирактағы жылу электр станциясында өрт шығып, төрт адам қаза тапқанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар