Сурет: ашық дереккөз
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерін әлеуметтік, қаржылық және құқықтық қорғауға бағытталған кешенді шаралардың арқасында соңғы үш жылда елімізде дәрігер тапшылығы 20%-ға төмендеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
2026 жылғы 7 наурыздан бастап медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадаларына қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорқыту және зорлық-зомбылық көрсету үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Медициналық ұйымдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция посттары, бейнебақылау жүйелері мен дабыл түймелері орнатылуда. Жедел жәрдем бригадалары шақыртуларды тіркеу үшін 2 мың бейнетіркегіш алды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, заңнамалық қорғау экономикалық тетіктермен толықтырылды: 2024 жылғы қазаннан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру механизмі қолданылады.
«2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтік міндеттерін орындау кезінде үшінші тұлғалардың зорлық-зомбылық әрекеттерінен медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зияннан міндетті сақтандыруды көздейтін нормалар күшіне енеді», делінген хабарламада.
Медицина кадрларын әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілді. 2025 жылы 1 760 дәрігер әлеуметтік көмек алды. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген мамандардың саны 3,3 есе өсіп, 727 адамға жетті. Тапшы мамандықтар бойынша 529 дәрігерге ауылдық жерде кемінде 5 жыл жұмыс істеу шартымен 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.
Сонымен қатар мамандықтың беделін арттыру мақсатында 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем қарастырылған «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы енгізілді. Азаматтардың денсаулығын сақтау мен медицинаны дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Санжар Асфендияров атындағы жаңа мемлекеттік награда – медаль тағайындалды.
Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда еліміздегі дәрігер тапшылығы 20%-ға, ал ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы 30%-ға азайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылары 122 мемлекеттегі жағдайды талдап, жаңа деректерді жариялады. Олардың болжамынша, 2030 жылға қарай әлем бойынша медицина мамандарының тапшылығы 11 миллион адамға жетеді.
Мазмұнға өту
