Сурет: пресс-служба акима ЗКО
Оралда «Хан тоғайы» экологиялық саябағы ашылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, экологиялық бастамалардың өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Хан тоғайы» Жайық пен Шаған өзендерінің қосылған жерінде орналасқан тарихи орын. 1812 жылы мұнда Бөкей сұлтанды хан тағына отырғызу рәсімі өткен. Кейінірек осы жерде оның ұлы Жәңгір де хан болып жарияланған.
Аймақта табиғи аумақтарды сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және халықтың демалысына қолайлы жағдай жасау жөніндегі іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында атқарылуда.
Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов өңір басшысы Нариман Түреғалиевтің атынан Республика күнімен құттықтау жеткізді. Ол жаңа нысанның ашылуы өлкенің тарихи мұрасына деген құрметтің көрінісі екенін атап өтті.
«Хан тоғайы» — халық тарихымен тығыз байланысты, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұрамыздың бір бөлігі. Мұндай тарихи және табиғи байлықтарды сақтау, абаттандыру және кейінгі ұрпаққа жеткізу — ортақ міндетіміз. Жаңа экосаябақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін», — деді Қалияр Айтмұхамбетов.
Саябақ жеке инвестициялар есебінен орман шаруашылығы мекемелерінің қолдауымен жабдықталған. Оның аумағында демалыс аймақтары, шаңғы трассалары, балаларға арналған төбешіктер мен ойын алаңдары жасалып, алтыбақан, фотоаймақ және шахмат үстелдері орнатылған. Саябақ аумағын күтіп ұстауды SAYAT этнотуристік орталығы жүзеге асырады.
Салтанатты рәсімнен кейін саябақ аумағында ағаш отырғызу акциясы өтті. Жаңа көшеттерді есепке алғанда, биыл мұнда 500-ге жуық емен, терек және қарағай отырғызылды.
Мазмұнға өту
