Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында «Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолының барлық учаскелерінде асфальтбетон жабынын төсеу толығымен аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жолдың жалпы ұзындығы 144 шақырымды құрайды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ балансындағы 0-ден 36-ға дейінгі және 108-ден 144-ке дейінгі шақырымдар аралығындағы учаскелердегі жұмыстар бұрын аяқталып, жол пайдалануға берілген болатын.
36-дан 72-ге дейінгі және 72-ден 108-ге дейінгі шақырымдар аралығын жаңарту жұмыстары 2024 жылы «Карачаганак Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының қаражаты есебінен басталған. Бүгінгі таңда бұл учаскелерді реконструкциялаудың негізгі жұмыстары толық аяқталып, асфальтбетон жабыны төселді.
Қазіргі уақытта жол инфрақұрылымын жайластыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, жол белгілерін сызу, жерді рекультивациялау, жол жиектеріне көпжылдық шөптер себу және жобада көзделген басқа да іс-шаралар орындалуда. Қалған жұмыстарды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Мазмұнға өту
