Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Республика күніне орай салтанатты концерт өткізіп, ерекше көзге түскен сарбаздарды марапаттады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық мереке қарсаңында «Батыс» өңірлік қолбасшылығында салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған Отанға деген сүйіспеншілік, антқа адалдық және халыққа қызмет етуді басты өмірлік қағида санайтын әскери қызметшілер жиналды.
Шараның маңызды сәттерінің бірі – қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау болды. Кәсібилігі, адалдығы және әскери борышқа берілгендігі үшін олар Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының атынан грамоталармен марапатталды.
Мерекелік көңіл-күйді Құрманғазы атындағы музыкалық колледж өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама толықтырды. Сахнада музыкалық шығармалар мен әндер шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жарқын би нөмірлері кездесуді ұмытылмастай етті.
Республика күні – тәуелсіздіктің, халық бірлігінің және Қазақстан мемлекеттілігінің символы. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үшін бұл мереке қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын қорғау жөніндегі жоғары жауапкершілікті еске салады.
Мазмұнға өту
