Әлем

Мысыр Қазақстан азаматтарына кіру талаптарын жеңілдетті

Сурет: istockphoto.com

Мысыр Қазақстан азаматтары үшін елге кіру шарттарын жеңілдетуге келісті. Қазақстан қосымша талаптар қойылатын Орталық Азия мемлекеттерінің қатарынан шығарылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жөнінде екі елдің сыртқы істер министрлері кездесу кезінде уағдаласты. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, өзгеріс отандық туристердің сапарын жеңілдетуге бағытталған.

Алайда визалық режим әзірге күшінде қалады. Жаңа тәртіптің қашан қолданысқа енетіні де әлі белгісіз.

Қолданыстағы ережелер бойынша 21 жасқа толмаған Қазақстан азаматтары Мысырға ата-анасының бірімен бірге кіруі тиіс. Ал Шарм-эш-Шейхке 15 күнге дейін баратын 21 жастан асқан туристер визаны әуежайдан рәсімдей алады. Каир, Хургада және басқа қалаларға баратындар визаны алдын ала алуы қажет.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 тамыздан бастап Каир әуежайында цифрлық виза рәсімдеу жүйесі іске қосылды. Туристер визаны онлайн төлеп, әуежайда QR-код көрсете алады. Әзірге бұл қызмет басқа әуежайларда қолжетімсіз.

Жаңа келісім күшіне енгенге дейін туристерге сапар алдында Мысырға кірудің қолданыстағы талаптарын елшілік арқылы нақтылау ұсынылады.

Еске сала кетейік, бүгінде екі ел арасында бірнеше әуе рейсі қатынайды.

Көп оқылғандар