Сурет: ашық дереккөз
Астанада «Ұлы дала» даңғылынан Айтматов көшесіне бұрылған 22 жастағы жүргізуші жылдамдықты сағатына 154 шақырымға дейін көтеріп, жол ережесін бұзды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл дерек «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін мониторингілеу барысында анықталды.
Қала прокуратурасы жол ережелерін жүйелі және өрескел бұзатын жүргізушілерді ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың бірыңғай тәжірибесін енгізді (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы).
Сот қаулысымен жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Елорда прокуратурасы жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Жылдамдықты шамадан тыс арттыру мен агрессивті көлік жүргізу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, Семейде жол ережесін бұзған 20 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды.
