Сурет: ашық дереккөзден
Ресей бокс федерациясы Геннадий Головкин басқаратын World Boxing халықаралық ұйымының толыққанды мүшесі атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл шешім 20 қарашада Панамада өткен World Boxing ұйымының IV жыл сайынғы конгресінде қабылданды. Ресей федерациясына толыққанды мүше мәртебесін беру мәселесін қатысушы елдердің басым бөлігі қолдап дауыс берді.
«Ресей бокс федерациясының бас хатшысының тапсырмасы бойынша конгреске қатыстық. Екі күн бойы көптеген мәселе қаралды. Біз үшін ең маңызды нәтиже – Ресей бокс федерациясының World Boxing ұйымына толыққанды мүше болып қабылдануы. Бұл шешімді елдердің басым бөлігі қолдады», деді Истомин.
World Boxing президенті Геннадий Головкин конгрестің қорытындысын шығарып, қабылданған шешімдердің ұйымның алдағы дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Бүгін World Boxing ұйымы мен бокс спортының болашағы үшін тағы бір маңызды кезең болды. Мүше федерацияларымыз қабылдаған шешімдер боксшылардың мүддесін бірінші орынға қоюға, ұйымымызды нығайтуға және бокстың сенімді әрі беделді олимпиадалық спорт түрі ретінде дамуын жалғастыруға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары қарсаңында және одан кейінгі кезеңде таңдаған бағытымызды мүшелеріміздің қолдағанына қуаныштымын. Сондай-ақ Панамада конгресті ұйымдастырған тарапқа, оған жеке қатысқан және онлайн қосылған барлық делегатқа, сондай-ақ осы жиынды дайындау мен өткізуге зор үлес қосқан қызметкерлеріміз бен ресми тұлғаларға алғысымды білдіргім келеді. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде World Boxing көптеген жетістікке қол жеткізді. Бүгін қабылданған шешімдер болашаққа деген сенімімізді одан әрі нығайта түсті», деді Геннадий Головкин.
World Boxing мәліметінше, конгресс барысында ұлттық федерациялардың толыққанды мүшелікке қабылдау жөніндегі 47 өтінімі мақұлданған. Осылайша ұйым құрамындағы толыққанды мүшелер саны 170-ке жетіп, бір қауымдастырылған қатысушыны біріктіріп отыр.
Жаңа мәртебе ұлттық федерацияларға алдағы конгрестерге қатысып, «бір ел – бір дауыс» қағидаты бойынша дауыс беру құқығын береді.
Айта кетейік, 2026 жылдың наурыз айында World Boxing Ресей бокс федерациясының өтінімін мақұлдаған болатын. Алайда сол кезде ресейлік ұйым дауыс беру құқығынсыз бекітілген мүше мәртебесін алған еді. Ал қараша айындағы конгресте қабылданған шешім Ресей федерациясының мәртебесін толыққанды мүшелік деңгейіне өзгертті.
Естеріңізге салайық, Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы қызметіне сайланды.
Айта кетейік, Шотландияның Глазго қаласында World Boxing Атқару комитетінің отырысы өтіп, онда 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) болатын Олимпиада ойындарына жолдама беретін бокс турнирлерін ұйымдастыратын мемлекеттер бекітілген болатын.
Мазмұнға өту
