Спорт

Азия Пара ойындары: қазақ спортшылары медаль үстіп жатыр

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жапонияда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында отандық спортшылар ел қоржынына жүлде қосуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Пара дзюдошылардың жеңісінен кейін велоспорт, жүзу, үстел теннисі және пауэрлифтингтен ұлттық құрама мүшелері де алтын, күміс, қола медальдарға қол жеткізді.

Пара велоспорттан тасжол жарысында B класында Наиль Ермұханбет пен пилоты Руслан Әлиев 65 шақырымды 2 сағат 1 минут 21 секундта өтіп, бірінші орын алды. Кирилл Илюкевич пен пилоты Глеб Бруссенский 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтижемен күміс жүлдегер атанды.

Әйелдер арасындағы 55 шақырымдық жарыста Анастасия Калаус пен пилоты Полина Братчикова 2 сағат 5 минут 47 секунд көрсеткішпен алтын медальға қол жеткізсе, Жұлдыз Қайнарова мен пилоты Анжелла Соловьева 2 сағат 9 минут 43 секунд нәтижемен күміс жүлде алды.

Пара үстел теннисінен Марат Сүртібаев пен Алтынай Ержанқызы қола жүлдегер атанды. Олар топтық кезеңде Индонезия құрамасын 3:1, Жапонияны 3:2 есебімен жеңіп, Қытай өкілдеріне 1:3 есебімен жол берді. Жартылай финалда Гонконг спортшыларынан жеңіліп, үшінші орынмен аяқтады.

Сондай-ақ Талғат Ерекеев пен Марат Сүртібаев MD18 класындағы ерлер жұптық сынында қола жүлдеге қол жеткізді. Жартылай финалда Жапония өкілдерімен бес партияға созылған тартыста 2:3 есебімен жеңіліс тапты.

Ұлттық құрама пара жүзуде де жүлдесіз қалған жоқ. 4×50 метр еркін стильдегі аралас эстафетада Сиязбек Дәлиев, Наталья Звягинцева, Айсұлтан Құлқаев және Зүлфия Ғабидуллинадан құралған квартет 2 минут 48,99 секунд нәтижемен күміс жүлдеге ие болды. Ал 2 минут 25,22 секунд көрсеткішпен топ жарған Қытай құрамасы Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатты.

Пара пауэрлифтингтен Қазақстан ерлер құрамасы командалық есепте үздік үштіктен көрінді. Давид Дегтярев, Ерболат Кәрібай және Станислав Шакиев 412,09 ұпай жинап, қола жүлдені еншіледі. Бұған дейін Давид Дегтярев 54 килоға дейінгі салмақ дәрежесіндегі жеке жарыста чемпион атанған болатын.

– Биылғы жарыста бұрынғы Пара Азиадалармен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсеттік. Бұл елімізде пара пауэрлифтингтің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Нәтижеге көңіліміз толады. Алдағы уақытта бұдан да биік көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысамыз, – деді Давид Дегтярев.

Азия Пара ойындарындағы бәсекесін аяқтаған спортшыларымыз елге орала бастады. Кеше Алматыға пара дзюдодан Қазақстан намысын қорғаған ұлттық құрама мүшелері келді. Жапония татамиінде жоғары нәтиже көрсеткен пара дзюдошыларымыз 5 алтын, 1 күміс және 7 қола – барлығы 13 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Осылайша, ұлттық құраманың Азия Пара ойындарындағы табысты өнеріне пара дзюдошыларымыз қомақты үлес қосты.

Көп оқылғандар