Басты тақырып

Президент: Елге нағыз патриоттар қажет

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің жиынында елімізге популистер мен мансапқорлар емес, нағыз патриоттар керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, елге кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары қажет.

«Азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетіктерін құру – елді жаңғыртудың бір жолы. Дәл осы себепті Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталды. Бұл – трансформацияның жаңа кезеңі», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүріп өткен жолды объективті талдап, алдағы күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігін жеткізді.

«Елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары, нағыз патриоттар қажет. Көп жұмыс атқарылды. Мұны мойындау керек. «Үшінші сектор» тың серпін алып, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасты және кері байланыс жолға қойылды. Алайда реформалар самарқаулықты көтермейді. Біз мұны жақында өткен жағдайдан сабақ алып, көкейімізге мықтап түйдік. Өзгерістер кезеңіндегі қысқа мерзімді кідірістің өзі тұрақтылықтың шырқын бұзып, ауыр салдарға ұрындыруы ықтимал», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық болатынын атап өтті.

Көп оқылғандар