Сурет: Egemen Qazaqstan
Америкалық NVIDIA компаниясы «Қазақтелеком» АҚ және Firebird AI-мен бірлесіп, Қазақстанда есептеу инфрақұрылымын кеңейту туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
NVIDIA-ның Instagram парақшасында негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангтың Астанаға сапары қорытындысы бойынша жарияланым шықты. 23 қазанда ол Қазақстанға алғаш рет келіп, жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесінің дамуымен танысып, студенттер мен технологиялық стартаптар өкілдерімен кездесті.
NVIDIA жарияланымында «Қазақтелеком» және Firebird AI-мен есептеу қуаттарын дамыту бағытындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Firebird AI жергілікті ЖИ-стартаптар мен зерттеушілерді қолдауға арналған Firebird Labs Kazakhstan зертханасын құруды жоспарлап отыр, оның ішінде есептеу қуаттарына қолжетімділікті қамтамасыз ету де көзделген.
Негізгі жобалардың бірі – Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан Data Center Valley. Бұл – энергетикалық қуатын болашақта 1 ГВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылған деректерді өңдеу орталықтарының кластері.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин жобаны Дженсен Хуангқа жеке таныстырып, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, энергетикалық артықшылықтары және Қазақстанның жоғары өнімді есептеулердің халықаралық орталығына айналу әлеуеті туралы айтып берді. Жобаның бірінші кезеңіндегі 215 МВт қуат толықтай резервтелген, қуаты 50 МВт алғашқы деректер орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
«Бүгінде жасанды интеллект саласындағы елдердің бәсекеге қабілеттілігі алгоритмдердің дамуымен ғана емес, меншікті есептеу инфрақұрылымының болуымен де айқындалады. Сондықтан біз Екібастұзда Data Center Valley жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды есептеу ресурстарын тұтынушы елден жасанды интеллектіге арналған қуаттардың әлемдік жеткізушілерінің біріне айналдыру. Біз болашақтың технологиялары Қазақстанға жай ғана келіп қоймай, дәл осы жерде жасалып, дамығанын қалаймыз», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
NVIDIA мәліметінше, «Қазақтелеком» Астана мен Алматыда 400 NVIDIA H200 және 480 NVIDIA B300 графикалық процессорын орналастырған. 2027 жылы Data Center Valley аумағында 1000-нан астам GPU, сондай-ақ Екібастұз маңында 1000-нан астам NVIDIA Vera Rubin жеделдеткішін орналастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Firebird компаниясы Қазақстанға 45 000 NVIDIA Grace Blackwell GPU экспорттауға АҚШ-тың экспорттық лицензиясын алған. Жобаның бірінші кезеңі Data Center Valley аумағында «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылып, коммерциялық іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Мұндай есептеу қуаттарын дамыту қазақстандық кәсіпорындардың, ғылыми ұйымдардың және әзірлеушілердің заманауи жасанды интеллект технологияларына қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Мазмұнға өту
