Сурет: istockphoto.com
16 қазан таңында әлемдік нарықта мыс бағасы көтеріліп, мұнай барреліне 105 доллардан жоғары деңгейде тұр. Алтын мен күміс арзандап, астық нарығында да баға төмендеу үрдісі байқалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
TENGENOMIKA телеграм арнасының дерегінше, шикізаттың көбі бір жыл бұрынғымен салыстырғанда әлі де қымбат. Brent маркалы мұнай барреліне 105,38 доллардан саудаланып, бір күнде 0,51%-ға арзандады. Бір айдағы өсім 0,53% болғанымен, жылдық өсім 71,94%-ға жетті. Мұндай баға деңгейі Қазақстан үшін қысқа мерзімді ауытқуларға қарамастан, мұнай экспортын қолайлы жағдайда ұстап отыр.
Металдар нарығында мыс бағасы бір күнде 1,30%-ға, бір жылда 33,07%-ға өсті. Бір айдағы өсім тек 0,15%. Алтынның бір унциясы шамамен 4 174 доллардан саудаланып, бір айда 3,85%-ға арзандады. Күміс бір айда 11,34%-ға құлдырағанымен, жылдық көрсеткіш бойынша 11,28%-ға қымбаттаған. Уран бір фунты 90,30 долларға жетіп, бір айдағы бағамы салыстырмалы түрде тұрақты болды.
Аграрлық нарықта бидай бір айда 8,05%-ға, жүгері 9,74%-ға, күнбағыс майы 4,24%-ға арзандады. Қант 11,86%-ға, күріш 9,28%-ға қымбаттады. Күріштің жылдық өсімі 62,48%-ға, қанттікі 33,73%-ға жетті.
Мұнай мен мыстың қымбат болуы Қазақстанның негізгі экспорттық салалары үшін қолайлы баға жағдайын қалыптастырып отыр. Ал астық бағасының төмендеуі аграрлық өнім экспорты үшін онша тиімді емес ахуал туғызады.
Еске салайық, 14 қазанда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 106,36 долларға дейін көтеріліп, бір күнде 0,63%-ға өсті.
Мазмұнға өту
