Сурет: istockphoto.com
21 қазаннан бастап Отбасы банкке исламдық банк операцияларын жүргізуге рұқсат беретін түзетулер заңды күшіне енеді. Осыдан соң банк лицензия алуға өтінім беріп, жаңа қаржы өнімдерін, соның ішінде ислам ипотекасын ұсынуға дайындалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ислам ипотекасының дәстүрлі несиеден негізгі өзгешелігі – пайыздық мөлшерлеменің жоқтығы. Бұл тетікте банк тұрғын үйді өзі алып, кейін оны клиентке алдын ала келісілген үстеме бағамен бөліп төлеуге сатады.
Отбасы банк жаңа жүйені бірден ипотекадан бастамайды. Алдымен клиенттерге ағымдағы шоттар мен пайызсыз депозиттер ашу мүмкіндігі беріледі. Содан кейін барып тұрғын үйді қаржыландыру тетігі іске қосылады.
Жаңа ипотека қолданыстағы тұрғын үй жинақ жүйесіне ұқсас болуы ықтимал. Яғни клиент әуелі қаражат жинайды, кейін баспана алуға қаржы алады.
Қазір банк жаңа өнімнің негізгі шарттарын әзірлеп жатыр. Ипотека мерзімі, бастапқы жарна мөлшері, қаржыландырудың ең жоғары сомасы және баспанаға қойылатын талаптар әзірге жарияланбаған.
Бұл шарттар банк лицензия алғаннан кейін және исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес мақұлдаған соң бекітіледі. Клиенттерге дініне қатысты шектеу қойылмайды. Банк өтініш берушілердің төлем қабілетін стандартты талаптар бойынша бағалайды.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда діни ұстанымына байланысты депозит ашпайтын шамамен 763 мың адам бар. Алайда олардың 93%-ы исламдық депозит ашуға дайын. Ал ислам ипотекасы нарығының әлеуеті 1,6 трлн теңгеге бағаланып отыр.
Отбасы банк жаңа өнімдердің нақты шарттары мен тарифтерін әр кезең басталар алдында ресми сайтында жариялайды. Демек, ислам ипотекасының қашан берілетіні және қандай талаптар қойылатыны лицензия рәсімделіп, қаржыландыру ережелері бекітілгеннен кейін белгілі болмақ.
Айта кетейік, соңғы жылдары мемлекет тарапынан халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында жеңілдетілген бағдарламалар іске қосылып жатыр.
Мазмұнға өту
