Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері әзірге 85 мың теңге деңгейінде сақталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, жалақыны көтерудің бірнеше нұсқасы қарастырылғанымен, әзірге бюджетте бұл мақсатқа қосымша қаражат бөлінбеген.
«Қазір бюджетте 85 мың теңге деп көрсетілген. Біз жалақыны көтерудің түрлі нұсқаларын қарастырдық, алайда әзірге бюджетте оны арттыру көзделмеген», деді Серік Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе Үкімет пен Президент Әкімшілігі деңгейінде қарастырылып жатыр. Алайда жалақыны көтеру туралы нақты шешім әлі қабылданбаған.
«Бұл мәселе бойынша жақын арада нәтиже болады деп ойлаймын. Нақты мерзімін айта алмаймын. Егер жалақы көтерілсе, ол тек келесі жылдан бастап өзгеруі мүмкін», деді Серік Жұманғарин.
Министр сондай-ақ айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ең төменгі жалақыдан бөлек белгіленіп, жеке тәртіппен өсетінін айтты.
Еске сала кетейік, тамыз айында Ұлттық экономика министрі алдағы бюджеттік жоспарлауда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қарастырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Мазмұнға өту
