Сурет: Анадолы
Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы хуситтер әл-Хардж провинциясына қарай ұшырған қанатты зымыранды әуеде ұстап, жойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Коалиция өкілі, генерал-майор Турки әл-Малики X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде зымыран ел астанасы Эр-Риядтың оңтүстігінде жатқан әл-Хардж провинциясына бағытталғанын айтты.
«Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері террористік хуситтер ұшырған зымыранды әл-Хардж провинциясының аспанында анықтап, залалсыздандырды», деді Турки әл-Малики.
Соңғы кездері Йеменнің үкіметтік күштері мен хуситтер арасындағы қақтығыстар жиілеп кетті. Иран қолдайтын хуситтер өздеріне шабуыл жасалып жатқанын алға тартып, Сауд Арабиясына баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы беріп келеді.
Йемендегі азаматтық соғыс 2014 жылдың қыркүйегінде хуситтер ел астанасы Сана мен бірнеше провинцияны бақылауына алғаннан кейін басталды. 2015 жылдың наурызынан бастап Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметін қолдап келеді.
Бұған дейін Сауд Арабиясындағы екі әуежайға жасалған шабуылдан үш адам қаза тапқан болатын.
Мазмұнға өту
