Қаржы

Түйе сүтіне арналған жаңа стандарт әзірленді

Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне қойылатын талаптарды белгілейтін ұлттық стандарт бекітілді. Құжат 2026 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 41-НҚ бұйрығымен ҚР СТ 4050-2026 «Пастерленген түйе сүті. Техникалық шарттар» стандарты бекітілді. Құжатты 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары аясында «ҚазСтандарт» РМК әзірледі. Өтінім беруші – «Антиген» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС.

Соңғы 15-20 жылда әлемде түйе сүтіне қызығушылық артып, одан жасалатын өнім түрлері көбейді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, түйе сүтінен балмұздақ пен конфитюр өндіріледі, ол кофеге қосылады. Мысалы, капучиноның бір түрі – камелчино дайындау үшін пайдаланылады. Мұндай өнімдерді өндіруде пастерленген түйе сүті қолданылады.

Жаңа стандарт өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне, таңбалануына, қапталуына, тасымалдануына және сақталуына қойылатын талаптарды белгілейді. Сонымен қатар құжатта ортақ терминология, өнімдерді жіктеу және олардың сипаттамаларын бағалауға арналған көрсеткіштер айқындалған.

«Стандартты қолдану өндірушілерге ішкі және сыртқы нарықтарға арналған өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Экспортты дамытудың перспективалы бағыттары ретінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай және Таяу Шығыс мемлекеттері қарастырылып отыр», делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы облысының Ақши ауылында жергілікті шаруалар түйе санын көбейтіп, өнім экспортын ұлғайтып жатқаны хабарланған. Өңірде өндірілетін құрғақ шұбат Қытай нарығына жөнелтіле бастады.

Көп оқылғандар