Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев World Aquatics президенті Хусейн Әл-Мусалламмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Президент халықаралық ұйымның Қазақстан су спорты түрлері федерациясына берген қолдауын жоғары бағалап, өзара серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спортшылардың су спорты түрлеріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтіп, олардың Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында ел намысын лайықты қорғап жүргенін айтты.
Осы тұста Мемлекет басшысы Дмитрий Баландиннің Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы тарихи жеңісін және Әділбек Мусиннің 2022 жылғы Азия ойындарындағы қола медалін еске алды.
Президенттің сөзінше, елімізде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстар ұйымдастыруға жағдай жасалып жатыр. Әсіресе спорт инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық берілуде.
Хусейн Әл-Мусаллам қол жеткізілген табыстар мен қазақстандық спортшылардың биыл ХХ жазғы Азия ойындарында көрсеткен шеберлігі елдің спорт саласын өркендетуге зор әлеуеті бар екенін дәлелдейтінін атап өтті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлемде және Қазақстанда су спорты түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін World Aquatics президенті Хусейн Әл-Мусалламды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайынан шығарып салды.
Мазмұнға өту
