Басты тақырып

Панамада жер сілкінісі: 6 мыңнан астам адам зардап шекті

Сурет: Report

Панамада болған жер сілкінісі салдарынан 6 мыңнан астам адам зардап көрді. Апаттан қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы республика президенті Хосе Рауль Мулино халыққа арнаған үндеуінде айтты. Үндеудің бейнежазбасы оның X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

«Қазіргі уақытта 1 744 үй тексерілді, 6 174 адам зардап шекті. Тексеру жұмыстары жалғасқан сайын бұл көрсеткіш жаңартылып отырады», деді мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, жер сілкінісінің жойқын күші жоғары болған. Мамандар келтірілген залалдың ауқымын бағалауды жалғастырып жатыр. Үкімет тұрғындарды азық-түлікпен және ауызсумен қамтамасыз ету, жолдар мен көпірлерді қалпына келтіру, сондай-ақ электр қуатын қайта қосу жұмыстарын жүргізуде.

«Көмек пен қажетті шешімдердің ең мұқтаж адамдарға жетуі үшін қажетті ресурстарды аяп қалмаймын», деп мәлімдеді Мулино.

Президенттің айтуынша, билік тұрғын үйлерді жөндеуге қажетті құрылыс материалдарын жеткізеді. Сонымен қатар мамандар әзірлеген жобалар бойынша екі және үш бөлмелі жаңа үйлер салу үшін жергілікті мердігерлер тартылады.

Сейсенбіге қараған түні Панамада магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі тіркелген. Бұған дейін, жұма күні, елде магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі болған еді. Сол кезде кемінде 27 адам зардап шеккен.

Көп оқылғандар