Басты тақырып

Тоқаев жасанды интеллект пен су ресурстары жөнінде бастама көтерді

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің экономикаға, қоғамға және жаһандық күштер теңгеріміне ықпалы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдық саналады. Ол БРИКС аясындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында озық есептеу инфрақұрылымын және БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын пайдалануға дайын екенін жеткізді. Нақты қадам ретінде ЖИ саласында БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынды.

«БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндігін ұсына алады. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су ресурстарын басқару мәселесіне тоқталды. Ол әлем елдерінің күш-жігерін біріктіріп, мемлекетаралық үйлестіруді күшейту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл ұйым БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде жұмыс істейді.

«Бәріміз үшін зор маңызға ие су ресурстары мәселесін көтергім келеді. Жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі шашыраңқы жүргізіліп келеді. Осы орайда, әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын нығайту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсындық. Ол БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етеді. БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерімізді осы маңызды жобаны қолдау үшін Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырамын», деді Мемлекет басшысы.

Президент тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан әрі ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіретінін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан егемендікке, мүдделер теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы көзқарасты ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

Көп оқылғандар