Қоғам

Астанадағы балабақшада бала темір орындықпен ұрылды

Сурет: Halyqstan

Астанадағы жеке балабақшада тәрбиеленушінің соққыға жығылғаны туралы анасының шағымы бойынша полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Анасының айтуынша, топтағы басқа бала оның ұлын темір орындықпен бірнеше рет ұрған. Halyqstan-ның мәліметінше, оқиға 15 қазанда болған. Әйелдің сөзінше, орындықтың салмағы шамамен 2–3 келі. Оқиға кезінде балалардың жанында тәрбиеші де, өзге де ересектер болмаған.

Анасы баласын алып кетуге келгенде, балабақша қызметкерлері балалар орындыққа таласып қалғанын, жиһаз қолдарынан шығып кетіп, бала кездейсоқ соғылғанын түсіндірген. Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көргеннен кейін ол ұлын бұл мекемеден алып кетуге шешім қабылдаған.

«Біз балабақшаға ең қымбатымызды – балаларымызды сеніп тапсырамыз. Сондықтан олардың қауіпсіздігіне ең болмағанда кепілдік беріледі деп күтуге құқылымыз!» деді ол.

Әйел қазан айы үшін төлеген 80 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Оның айтуынша, оқиғадан кейін баласы балабақшаға бармағанымен, ақшасы әлі күнге дейін қайтарылмаған.

Сондай-ақ анасы оқиға түсірілген бейнежазбалардың сақталуына алаңдаулы.

«Камералардағы жазбалар бір ай сақталады. Үш аптаға жуық уақыт өтті, жақында бейнежазба автоматты түрде өшірілуі мүмкін. Ал содан кейін менде бұл оқиғаны дәлелдейтін айғақ қалмайды», деп жазды ол.

Нұра ауданының полиция басқармасы балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Тергеудің өзге де мәліметтері әзірге жария етілмейді.

Бұған дейін Атыраудағы жекеменшік балабақшалардың бірінде 1,5 жастағы бүлдіршінге тәрбиешінің дөрекілік танытқаны анықталған.

Көп оқылғандар