Сурет: istockphoto.com
Алдағы үш күнде Қазақстанда ауа райы тұрақсыз болады. 6-8 қазан аралығында атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын жауады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ, бұрқасын және екпінді жел болады деп күтілуде. Республика бойынша кей жерлерде жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі.
Батыс аймақтарда түнде ауа температурасы +2…+12°С, күндіз +17…+22°С жылы болады.
Солтүстік-батыс пен солтүстікте түнгі температура -1…-6°С-тан +3…+13°С-қа дейін, күндіз 0…+5°С-тан +5…+20°С-қа дейін өзгереді.
Шығыс және орталықта түнде негізінен 0…+7°С, күндіз +2…+15°С жылы болады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде +2…+8°С-тан +5…+10°С-қа дейін жоғарылайды, таулы аймақтарда 1-3°С аяздан 0…+5°С-қа дейін өзгереді. Күндіз ауа температурасы +12…+17°С-тан +17…+22°С-қа дейін көтерілсе, таулы аудандарда +4…+9°С-тан +9…+14°С-қа дейін жетеді.
Синоптиктер қазан айында елімізде ауа райы жылы әрі жауын-шашын мөлшері орташа болатынын болжады.
