Қоғам

Заңсыз айналымнан екі мыңнан астам қару тәркіленді

Сурет: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі браконьерлікпен және табиғи ресурстарды заңсыз алумен күресін жалғастырып келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы 9 айда полиция табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 119 қылмыстық істі сотқа жолдады. Осы уақыт ішінде заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам балық (оның ішінде 1,5 тонна бекіре тұқымдас), 11 келіге жуық уылдырық, 361 киік мүйізі, 29 шақырымға жуық тыйым салынған балық аулау торы және 345 аңшылық қару тәркіленді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 13 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында полиция құжаттары жоқ шамамен бір тонна балық тиеген «Газель» автокөлігін тоқтатты. Көлік жүксалғышынан екі қайық пен қайық моторлары табылды. Балықтың қайдан алынғаны және аулаудың заңдылығы анықталып жатыр.

Сол облыстың Аққайың ауданында полиция қорықшымен бірлесіп заңсыз аң аулау дерегін анықтады. Автокөлікті тексеру кезінде сібір елігінің екі ұшасы және екі аңшылық қару табылды. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Полиция браконьерлермен қатар заңсыз алынған табиғи ресурстарды тасымалдаумен, сақтаумен және сатумен айналысатын адамдарды да анықтауда. Жануарлар дүниесін қорғау бағытындағы жұмыс жалғасуда.

Ведомство қызметінің тағы бір маңызды бағыты – қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл. Жыл басынан бері полиция заңсыз айналымнан әртүрлі қарудың екі мыңнан астам бірлігін тәркіледі. Оның ішінде қылмыстық істерге қатысы бар 184 қару және қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 160 қару бар. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп келеді.

20-23 қазан аралығында өткен республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында төрт күн ішінде 170-тен астам атыс қаруы және әртүрлі калибрлі 800-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Алматы, Шымкент қалаларында және Жетісу облысында қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған төрт қару табылып, тәркіленді.

Айта кетейік, Алматыда тұрғын үй маңынан қару-жарақ пен гранаталар табылды.

Көп оқылғандар