Басты тақырып

Тоқаевқа Ердоғаннан жеделхат келіп түсті

Сурет: Aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп жазады Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жеделхатта Ердоған Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары мен Тоқаевтың Анкараға Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу сапарын еске алып, ізгі тілектерін білдірген.

«Корея Республикасына ресми сапармен бағыт алған мен тарихи атамекеніміз – достас әрі бауырлас Қазақстан аумағымен ұшып барамын. Биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарымның, сондай-ақ Сіздің жақында ғана Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Анкараға келген сапарыңыздың табысты нәтижелері мен жылы сәттерін ықыласпен еске алдым. Осы орайда, Сіздің деніңізге саулық, көңіліңізге қуаныш, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген ізгі сәлемімді жолдағым келеді», – деп жазды түрік көшбасшысы.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада қазақ делегациясын жылы қарсы алғаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтты.

«Режеп Тайип Ердоған мырзаға Анкарада көрсеткен ілтипаты мен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Елдеріміз арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік одан әрі беки береді деп сенемін», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Көп оқылғандар