Басты тақырып

Жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 30%-ға артты

Сурет: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы туристік саланы және балалар спортын қолдауға қатысты заңнамалық өзгерістерге қол қойды. Бұл туралы Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа заң біліктілік тестілеуінен өтіп, ұлттық даярлық стандарттарына сай оқу-жаттығу үдерісін жүргізетін жаттықтырушы-оқытушыларға лауазымдық жалақысының 30%-ы көлемінде қосымша ақы төлеуді қарастырады.

Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, елде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Олардың жетекшілігімен 398 342 бала спортпен айналысады. Спорт мектептеріне балалар 5 жастан бастап қабылданады. Жыл басынан бері әр өңірдегі 5863 жаттықтырушы біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Жоспар бойынша жыл сайын жаттықтырушы-оқытушылардың шамамен 30%-дан астамы біліктілік тестілеуінен өтеді. Оны Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырады. Қосымша ақы төлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді республикалық бюджет комиссиясы қолдады.

«2026-2028 жылдарға арналған қаржыландырудың жалпы көлемі 74 млрд теңгені құрайды. Оның 1,8 млрд теңгесі жаттықтырушы-оқытушыларға қосымша ақы төлеуге бағытталды», делінген хабарламада.

Қалған қаражат спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуын қамтамасыз етуге, фармакологиялық қамтамасыз етуге, сондай-ақ спорттық киім-кешек пен қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.

Сала министрлігі елде дене шынықтыру және спорт саласын жүйелі түрде реформалау жұмысын жалғастырып жатыр.

Көп оқылғандар