Спорт

Қазақстан каратэшілері Мәскеу турнирінде екінші орын алды

Сурет: Қазақстан каратэ федерациясы

Мәскеуде WKF каратэден V Moscow Karate Universe халықаралық жарысы аяқталып, Қазақстан құрамасы 2 алтын және 4 қола медальмен жалпы есепте екінші сатыға көтерілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кумите бағдарламасында 50 кг дейінгі салмақта қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай жеңімпаз атанды. Ол финалда өзбекстандық Диёра Пулатованы 5:1 есебімен басым түсіп ұтты.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әрі екі дүркін Азиада чемпионы Софья Берульцева (+68 кг) да алтын медальға қол жеткізді. Ол финалда Иран спортшысы Махбуб Башари Атенаға еш мүмкіндік қалдырмады.

Гүлмира Үсенова (-55 кг), Айжан Бәкірова (-61 кг), Азия чемпионы Дайяна Даренская (-68 кг) және Никита Тарнакин (-84 кг) өз салмақтарында үздік үштіктен көрінді.

Үш күнге созылған жарысқа 40 мемлекеттен 400-ден астам татами шебері қатысты. Былтырғы турнирде Қазақстан спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алған болатын. Жақында Польшаның Бельско-Бяла қаласында кадеттер, жасөспірімдер мен жастар арасындағы каратэден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медаль жеңіп алды.

Көп оқылғандар