Басты тақырып

Қарағанды облысында 7 трлн теңгенің 186 жобасы жүзеге асырылады

Сурет: aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысына өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың іске асырылуы және одан әрі жаңғырту жоспары жөнінде ақпарат ұсынылды.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 2,9 пайызға өсіп, өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға ұлғайды. Машина жасау саласында айтарлықтай қарқын байқалып, өсім 26,2 пайызды құрады.

Өңірдің 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфелі жалпы құны 7 триллион теңге болатын 186 жобадан тұрады. Оларды іске асыру 36 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Жаңа өндіріс орындарын құруға, шикізатты қайта өңдеуге, минерал-шикізат базасын нығайтуға, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторларды тартуға ерекше назар аударылып отыр.

Сонымен қатар Президентке агроөнеркәсіп кешені мен тұрғын үй құрылысын дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары баяндалды.

Соңғы үш жылда Қарағанды облысында ауылдарға арналған 92 денсаулық сақтау нысаны мен 13 мектеп салынып, білім беру мекемелерін жаңарту жалғасуда. Спорт, мәдениет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы жобалар қолға алынды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендер абаттандырылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен экосаябақтар бой көтеруде.

Болжам бойынша, жыл қорытындысында облыс экономикасы 4 пайызға өседі. Өнеркәсіп әлеуетін кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру арқылы өңірді одан әрі өркендету жұмыстары жалғасады.

Көп оқылғандар