Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауда қалпына келтірілген трамвай қозғалысымен танысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін трамваймен жүріп, жаңартылған көлік инфрақұрылымының пайдалануға толық әзір екенін көрді.
Qarmet компаниясы трамвайды қала халқының игілігіне екі жыл бұрын берген. Содан бері қоғамдық көлік 1 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаған.
Қалада трамвайға арналған 30 шақырым шойын жол қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Заманауи 8 жаңа вагон сатып алынды, бұл трамвайдың кестеге сәйкес тұрақты жүруіне мүмкіндік берді.
Рельсті көлікте жолаушыларға ыңғайлы болу үшін электронды төлем жүйесі орнатылған, ал Qarmet кәсіпорнының жұмыскерлері мен ардагерлері тегін жүреді.
Президент «Qarmet» АҚ басшылығымен әңгімелесу барысында металлургтер қаласындағы трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызын атап өтті.
«Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіруде. Еңбек ұжымының да көңіл-күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, Президент жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды.
Мазмұнға өту
