Сурет: forbes.kz
Қазақстан азаматтары Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттерге жеке куәлікпен саяхаттай алуы мүмкін. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ұйымның 13-саммитінде ұсыныс жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Анкарада өткен саммитте Мирзиёев бес мемлекет арасында азаматтардың өзара сапарын жеңілдететін көпжақты келісім әзірлеуді ұсынды.
«Азаматтарымыздың өмірін жеңілдету үшін өзара сапарлар туралы көпжақты келісім әзірлеуді ұсынамыз. Онда жеке куәлік негізінде сапарлау мүмкіндігін кеңейту, шекарадан өту және қабылдаушы мемлекет аумағында болу тәртібін жеңілдету қарастырылуы қажет», деді Өзбекстан президенті.
Бастама ұйымға мүше бес елге – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркияға қатысты. Жаңа тәртіп күшіне енуі үшін бес ел келісім талаптарын мақұлдап, тиісті құжатқа қол қоюы қажет.
Қазір қазақстандықтар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішінде тек Қырғызстанға жеке куәлікпен бара алады. Ал Түркия, Өзбекстан және Әзербайжанға бару үшін шетелдік паспорт қажет. Бұл мемлекеттермен Қазақстан арасында визасыз режим қалыптасқан.
Бұған дейін қыркүйекте Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмүралиев бес ел арасында жеке куәлікпен өзара сапарлау мүмкіндігін енгізу жұмысы басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, Әзербайжан мен Түркия азаматтары қазірдің өзінде екі ел арасында жеке куәлікпен қатынай алады. Енді осы тәжірибені Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға да тарату жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Түркияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған күтіп алды.
Мазмұнға өту
