Басты тақырып

Ақмола өңірінде 4,6 мың түп ағаш отырғызылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы Ақмола облысында кең қолдау тапты. Өткен экологиялық акция аясында жергілікті табиғат жанашырлары 4,6 мың түп ағаш екті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Шараға қариялар мен балалар белсене қатысып, ұйымшылдық танытты. Көкшетаудан Қорғалжынға дейінгі кең даладағы орман алқаптары қарағай мен ақ қайыңның жас көшеттерімен толықты. Облыс әкімі Марат Ахметжанов та акцияға қатысып, Ақкөл қаласындағы саябаққа ағаш отырғызды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл іс – қоршаған ортаға жасалған үлкен қамқорлық. Біз туған өлкеміздің көркеюіне үлес қосып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа тамаша мұра қалдырамыз. Мұндай шаралар жұртшылықты біріктіріп, жас буынның табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырады», деді өңір басшысы.

Сол күні облыстың барлық ауданы мен елді мекендерінде санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

«Қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен бірге, әрбір адамның бойына табиғатқа деген перзенттік парызды ұялатуымыз керек», дейді табиғат жанашыры Жолбарыс Қыпшақбай.

Жалпы, өңірде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізілуде. Биыл 2,8 мың га алқапқа 16 миллионға жуық көшет отырғызылды. Ал 2021–2025 жылдар аралығында 11 мың га алқапқа 74 млн көшет егілген. Осылайша, Көкшенің жасыл желегі жылдан-жылға қаулап өседі.

Көп оқылғандар