Қоғам

«Қазгидромет» 2026-2027 жылғы қысқа болжам жариялады

Сурет: ашық дереккөз

«Қазгидромет» синоптиктері 2026-2027 жылдардағы қыс мезгіліне арналған консультациялық маусымдық болжамын ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Болжам бойынша, Қазақстанда қыс салыстырмалы түрде жылы әрі жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады. Кейбір аймақтарда боран соғып, жел екпіні күшейеді. Көктайғақ пен тұман да болуы ықтимал. Температураның құбылуына байланысты қар бетінде мұз қабаты пайда болуы мүмкін.

Желтоқсанда республиканың барлық аумағында ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2°С жоғары болады деп күтіледі. Елдің басым бөлігінде жауын-шашын норма шамасында болады.

Нормадан көп жауын-шашын Солтүстік Қазақстан облысында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік жартысында, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының солтүстігінде, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ солтүстік-батыс пен солтүстік-шығыс өңірлердің кейбір аудандарында күтіледі. Қызылорда облысының оңтүстігінде жауын-шашын нормадан аз болады.

Қаңтарда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады. Солтүстік-батыс бөлікте температура норма шамасында сақталады: Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақмола облысының солтүстік-батыс жартысында ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Елдің басым бөлігінде жауын-шашын норма шамасында күтіледі.

Қаңтарда нормадан көп жауын-шашын Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында және Маңғыстау облысының батысында болжанады. Ал нормадан аз жауын-шашын Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Қарағанды және Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік жартысында күтіледі.

Қыстың соңғы айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–3°С жоғары болады деп күтіледі. Солтүстік және шығыс өңірлерде температура норма шамасында сақталады: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Павлодар облысының басым бөлігі, Абай облысының солтүстік-шығыс жартысы, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігі. Ақпанда елдің басым бөлігінде жауын-шашын нормадан көп болады деп болжанып отыр.

Ақпанда жауын-шашын норма шамасында болатын өңірлер: Батыс Қазақстан және Атырау облыстары; Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай және Қызылорда облыстарының басым бөлігі; Ақмола облысының қиыр оңтүстік-батысы; Қарағанды және Жамбыл облыстарының қиыр батысы. Ал нормадан аз жауын-шашын Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс жартысында және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында күтіледі.

Бұған дейін қараша айындағы ауа райы туралы хабарланғанын еске саламыз.

Көп оқылғандар