Басты тақырып

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорт секциясын табуға Telegram-бот іске қосылды

Сурет: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы спорт түрін таңдап, өңіріндегі секцияларды табуға мүмкіндік беретін @parasport_kz_bot Telegram-боты іске қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа цифрлық қызметті ҚР Туризм және спорт министрлігінің Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы әзірледі. Бот адамның денсаулық жағдайы мен тұрғылықты өңірін ескере отырып, қолжетімді спорт түрлерін ұсынады.

Пайдалану үшін өңірді, спорт бағытын және денсаулық шектеу санатын көрсету жеткілікті. Содан кейін бот таңдалған аймақтағы спорт түрлерінің тізімін береді. WhatsApp арқылы спорт ұйымының менеджерімен байланысуға, Instagram парақшасына өтуге және 2ГИС-тен спорт мектебінің мекенжайын табуға болады.

Цифрлық қызметтерді дамыту параспортты мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларының бір бөлігі саналады. 2025 жылы алғаш рет заңнамалық деңгейде I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды алып жүретін адамдардың мәртебесі бекітіліп, олардың халықаралық жарыстарға қатысуын қаржыландыру қарастырылды.

2026 жылы өткен V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Бұл 2023 жылғы нәтижеден жақсырақ — ол кезде сегіз алтын медаль болған.

Ербол Хамитов 2026 жылы Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында парабиатлоннан алтын, парашаңғы жарысынан қола медаль жеңіп алды. Токиодағы XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сегіз алтын, төрт күміс және 13 қола медальға қол жеткізіп, барлығы 25 жүлде алды.

Бүгінде Қазақстанда 66 мыңнан астам мүгедектігі бар адам спортпен тұрақты шұғылданады. Елімізде паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және паралимпиадалық бағдарламаға кірмейтін спорт түрлерін қоса алғанда, 35 спорт түрі дамып келеді.

Көп оқылғандар