Сурет: gov.kz
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында «Бірлік-Е» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытының ашылу рәсіміне қатысып, жұртшылықты құттықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құны 2,8 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 50 мың тонна мақта талшығын өндіруге қауқарлы. Жаңа өндіріс орнында 200 жұмыс орны құрылды. Мұнда мақта өңдеуде соңғы үлгідегі заманауи технологиялар қолданылады. Жобаның екінші кезеңінде тұқымдық шит өндіру зауытын іске қосу жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кешегі Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, отандық бизнесті қорғау және кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беру мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы ретте, баршаңызды «Бірлік-Е» мақта өңдеу зауытының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі оқиға – өңіріміздің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды қадам. Жетісай – ақ мақтасымен танылған, диқаншылық дәстүрі қалыптасқан, еңбекпен өркендеген өлке. Биыл аудан шаруалары 45 мың гектар алқапқа мақта егіп, қазіргі таңда 120 мың тонна өнім жинады. Орташа өнімділік – әр гектардан 27,7 центнер. Бұл көрсеткіштер – Жетісай диқандарының тынымсыз адал еңбегінің жемісі! Ауыл шаруашылығының әлеуеті тек мол өнім жинаумен өлшенбейді. Ең бастысы – сол өнімді ел игілігіне жаратып, шикізаттан дайын тауарға дейінгі өндірістік тізбекті өз өңірімізде қалыптастыру. Бүгін ашылып отырған «Бірлік-Е» зауыты осы міндеттерді жүзеге асырудағы маңызды жоба», – деді Нұралхан Көшеров.
Мазмұнға өту
