Қоғам

Астанада киіз карта әлемдік рекорд орнатты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Елордадағы №78 мектеп-гимназияның көркем еңбек мұғалімі Ләззат Әбділдақызы шәкірттерімен бірге жасаған киіз карта әлемдік рекорд ретінде тіркелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оқушылар сарайында өткен көрмеде халықаралық сарапшылар туындыны тексеріп, оны жүннен жасалған ең үлкен карта деп таныды. Ұзындығы 7, ені 4 метр «Қазақстан картасы» дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 700-ден астам киіз картина қойылған көрме де халықаралық рекорд орнатты.

«Бұған дейін қой жүнінен ұзындығы 7 метр болатын мемлекет картасы жасалмаған. Сондықтан бүгінгі туынды әлемдегі жүннен жасалған ең үлкен карта ретінде тіркелді. Екінші рекорд жүннен жасалған 500 картинаға қатысты. Мұндағы басты талап – картиналар саны 500-ден кем болмауы әрі оларды жасауға жүннен басқа материал қолданылмауы», деді Дүниежүзілік рекордтар кітабының бас тіркеу офицері Қуандық Құдайбергенов.

Жоба авторы Ләззат Әбділдақызы бұл жетістікті әр өңірдегі ұстаздар мен оқушылардың ортақ еңбегі деп бағалады. «Бұл – әр өңірдегі көркем еңбек мұғалімдерінің табан ақы, маңдай тері, оқушыларымыздың қызығушылығының жемісі. Атадан қалған қолөнерімізді әлемге танытқымыз келді. Суретшілер майлы бояумен сурет салса, біздің ұстаздарымыз шәкірттерімен бірге жүнді түрлі түске бояп, керемет туындылар жасап жүр», деді шебер.

Алып картаны алдағы уақытта Ұлттық музейге тапсыру жоспарланып отыр. Ләззат Әбділдақызы шәкірттерінің өзге де қолөнер бұйымдарын Түркияда өтетін көрмеге апаруды көздеп отыр.

Көп оқылғандар