Қоғам

Астанада 360-тан астам есірткі жарнамасы мен граффити өшірілді

Сурет: Polisia.kz

Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Антивандал» акциясы өтіп, қала аумағындағы 360-тан астам есірткі жарнамасы бар жазу мен заңсыз граффити жойылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, кезекті шара «Жағалау-3» тұрғын үй кешені аумағындағы балалар ойын алаңында ұйымдастырылды. Оған волонтерлер мен Құрылыс-техникалық колледжінің студенттері қатысып, ойын алаңын қалпына келтірді және қабырғалардағы жазулар мен суреттерді бояды.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының құқықбұзушылықтың алдын алу бөлімінің маманы Асланбек Бапаевтың айтуынша, «Антивандал» волонтерлік қозғалысы басталғалы бері осы бағытта 40-тан астам іс-шара өткізілген.

«Қозғалыс аясында қала аумағында 360-тан астам есірткі жарнамасы бар жазу мен заңсыз граффити анықталып, бояу арқылы жойылды. Сонымен қатар волонтерлер аптасына екі рет рейдке шығып, қаладағы вандализм белгілерін анықтайды. Аудандық әкімдіктермен бірлесіп, заңсыз жазуларды өшіру, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру және балалар ойын алаңдарын қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп келеді. Мәселен, осы аптада Сарыарқа ауданында екі іс-шара өтті. Оған «Астана жастарының» волонтерлері мен Қазтұтынуодағы колледжінің студенттері қатысты. Бүгін Нұра ауданы әкімдігімен және Құрылыс-техникалық колледжінің студенттерімен бірлесіп, балалар ойын алаңын қалпына келтіру жұмысын жүргіздік», деді Асланбек Бапаев.

Нұра ауданы әкімінің аппараты ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Сәбитов студенттердің бастамасын қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырудың көрінісі деп бағалады.

«Студенттердің вандализмге қарсы іске өз бастамасымен қосылғаны қуантады. Бүгін олар тұрғын үй ауласындағы балалар ойын алаңын жөндеп, қалпына келтірді. Сонымен қатар түрлі жазулардан, граффитилер мен суреттерден тазартты. Мұндай бастамалар айналаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтау – баршамызға ортақ міндет. Бұл ретте жастардың жеке үлгісі мен белсенділігінің маңызы зор», деді Руслан Сәбитов.

«Антивандал» қозғалысының негізгі мақсаты – вандализмнің алдын алу және тұрғындардың қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Бастама шеңберінде заңсыз граффитилерді анықтау және жою жұмысы жалғасып келеді.

Көп оқылғандар