Сурет: Egemen Qazaqstan
2 қазанда Қазақстан ұлттық құрамасы үшін бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай, сондай-ақ таеквондодан Темірлан Тілеулес чемпион атанды. Қоржынға қосымша екі күміс және алты қола медаль қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Нагоядағы (Жапония) Нишё спорт кешенінде 70 кг салмақта өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан шешуші жекпе-жекте иорданиялық Зейяд Ишаишпен қолғап түйістірді. Тәжірибелі қарсыласын ол алғашқы минуттардан-ақ қысымға алды. Жылдамдығы мен дәлдігінің арқасында айқын басымдық көрсеткен жерлесіміз қарсыласының шабуылына сауатты тойтарыс беріп, соңғы секундқа дейін тізгінді қолдан бермеді. Нәтижесінде, төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен Төреханды жеңімпаз деп таныды. Осылайша, боксшыларымыз 2014 жылдан бері күткен Азия ойындарының алтынына қол жеткізіп, Азия чемпионатында кеткен есені қайтарды.
Аса ауыр салмақтағы (+90 кг) Айбек Оралбай мен өзбекстандық Жахонгир Зокиров арасындағы кездесу бокс турнирінің нүктесін қойды. Бұған дейін Ливерпульдегі әлем чемпионатында кездесіп, Айбектің жеңісімен аяқталған бұл тартыс Нагояда да қайталанды. Асқар Еркебаевтың шәкірті қарсыласының бойы мен қолының ұзындығын ескеріп, ара қашықтықты сауатты ұстады. Алма-кезек шабуылмен өткен бәсекеде шеберлігін танытқан отандасымыз 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Аренаға Айбекпен бірге кірген едік. Сонда ол өзіне ерекше сенімді көрінді. «Аға, ешқандай қобалжу жоқ, бір-біріміздің қыр-сырымызды білеміз. Бұйырса, екінші алтынды алып беремін», деген спортшы сөзінде тұрды.
Таеквондодан 58 кг салмақта Темірлан Тілеулес тарихи жеңіске қол жеткізді. Ол филиппиндік Курт Брайан Барбосаны (16:14, 15:2) ұтып, ел тарихында тұңғыш рет таеквондодан Азия ойындарының алтынын жеңіп алды.
Үш алтыннан бөлек, ұлттық құрама қоржыны тағы бірнеше жүлдемен толықты. Велотректегі омниумнан Рината Сұлтанова (133 ұпай), қыздар күресінен Эльмира Сыздықова (76 кг) күміс медальға қол жеткізді.
Таеквондодан Батырхан Төлеуғали (80 кг), виртуалды таеквондодан Рита Бақышева, дзюдошы Екатерина Токарева (78 кг), еркін күрестен Начын Куулар (65 кг) мен Едіге Қасымбек (125 кг), қыздар күресінен Зейнеп Баянова (50 кг) үшінші орын алды. Едіге түрікмен балуаны Сапаров Зиямухамметті 14:4 есебімен, ал Зейнеп үндістандық Дипаншиді 11:4 есебімен ұтты.
Джиу-джитсудан (77 кг) қола жүлде үшін өткен отандық дербиде Сейілхан Болатбек Адлан Мадаевтан басым түссе (2:0), теннистен Юлия Путинцева мен Анна Данилина жұбы да Азиаданы қоламен қорытындылады.
