Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттығына №10 бірмандаттық сайлау округінен кандидат Нұргүл Әжібайқызы Ашықованың сайлауалды бағдарламасында Орал қаласының инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу және тарихи ортаны сақтау бағыттарына басымдық беріліп отыр.
Халықпен жүздесу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді анықтау – депутаттық қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Өйткені, қаланың дамуына қатысты қандай да бір шешім қабылданбас бұрын, ең алдымен, сол аумақта тұратын адамдардың пікірі ескерілуі керек.

-Қанша адам болса, сонша өтініш, сонша тағдыр, сонша шешімін күткен мәселе бар. Әр адамның өз мұңы, өз үміті, өз күткені бар. Сондықтан әрбір өтініштің артында бір адамның өмірі, бір отбасының жағдайы тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Барлық мәселенің бір күнде шешіле қоймайтыны рас. Кейбір мәселеге уақыт, кейбіріне жан-жақты зерделеу, кейбіріне үлкен жұмыс қажет. Бірақ, бұл ешкімнің өтініші назардан тыс қалуы керек деген сөз емес.
Ең бастысы – халықтың мұңын тыңдау, айтылған мәселені елеусіз қалдырмау және әр өтінішке жауапкершілікпен қарау. Адамдар кейде мәселенің бірден шешілгенін емес, өздерін тыңдағанын, түсінгенін, үмітін үзбегенін қалайды.
Сенім – бір күнде қалыптаспайды. Ол әрбір орындалған уәдемен, әрбір жасалған іспен, әр адамға деген шынайы жанашырлықпен қалыптасады.
Сондықтан, сабыр да керек, түсіністік те керек. Ең бастысы, халықтың үміті ақталып, айтылған әрбір мәселе шешімін табуға қарай нақты қадам жасалуы керек. Өйткені, халықтың өтініші – жай ғана қағаз емес, ол – сенім мен үміттің үні, — дейді Нұргүл Әжібайқызының өзі.
Нұргүл Ашықова үшін қаланың дамуы ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, оның бағдарламасында жолдардың жағдайы, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру мәселелері қамтылған.
Атап айтқанда, Абай және Назарбаев даңғылдарының, Құрманғазы, Дәулеткерей, Чапаев, Коровин, Махамбет–Исатай көшелерінің округке қарасты бөліктеріндегі жолдар мен тротуарлардың жай-күйін зерделеу міндеті көрсетілген.
Сондай-ақ Әбіш Кекілбаев көшесін күрделі жөндеу жобасының құжаттамасы мен қаржыландыру мәселесін нақтылау қажеттігі де назардан тыс қалмаған.
Бұл мәселелердің әрқайсысы тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Жол сапасы, қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдері мен көшелердің жарықтандырылуы – жайлылық қана емес, қала қауіпсіздігінің де маңызды көрсеткіші.

Қала тұрғындарын алаңдататын тағы бір өзекті мәселе – су, кәріз және жылу жүйелерінің жағдайы. Бағдарламада жиі апат болатын инженерлік желілердің мекенжайлық тізімін қалыптастыруға ықпал ету көзделген.
Соның ішінде Құрманғазы – Есқалиев бағытындағы ТМ-2 жылу магистралін жаңарту жобасының округке қатысты бөлігі мен ТМ-7 желісі бойынша атқарылған жұмыстарды зерделеу міндеттері белгіленген.
Мұндай мәселелерді көтеру маңызды. Себебі инженерлік желілердің тозуы тұрғындардың тұрмысына ғана емес, тұтас шағын аудандардың тұрақты тіршілігіне әсер етеді. Ал жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аулалар мен жолдардың қалпына келтірілуін бақылау да назар аударуды қажет етеді.
Нұргүл Ашықованың бағдарламасындағы назар аударарлық бағыттардың бірі – қаланың тарихи ортасын қорғау.
Орал – өзіндік сәулеттік келбеті, бай тарихы мен мәдени мұрасы бар шаһар. Сондықтан тарихи ғимараттарды сақтау, сәулеттік ерекшеліктерін қорғау, қасбеттерді ретке келтіру және жасыл желектерді сақтау мәселелері қаланың болашақ дамуымен қатар қарастырылуы тиіс.
Бағдарламада Абай даңғылы мен Құрманғазы көшесіндегі қоғамдық кеңістіктерді жаңарту кезінде тарихи ортаның ерекшелігін ескеру қажеттігі де айтылған. Бұл – қаланың заманауи дамуы мен тарихи келбетінің арасындағы үйлесімділікті сақтауға бағытталған ұстаным.
Міне, өзінің алдына осындай ауқымды міндеттер қойып, сайлауға түскен Н.Ашықова қала тірлігіне бейжай қарамайтын азаматтар тарапынан қолдауға лайық. Баршаңызды 29 қараша күні Нұргүл Әжібайқызының кандидатурасын қолдап, дауыс беруге шақырамыз!
(Материалдың жариялану ақысы кандидаттарға бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді)
Мазмұнға өту
