Әлем

Брюссельде үнемдеу саясатына қарсы 50 мың адам наразылыққа шықты

Сурет: Het Laatste Nieuws

Бельгия астанасы Брюссельде үкіметтің 10 млрд еуро үнемдеу жоспарына қарсы жаппай наразылық акциясы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жергілікті полицияның мәліметінше, шеруге шамамен 50 мың адам қатысқан. Наразылық салдарынан Брюссель әуежайында 400 рейс тоқтатылды.

Наразылық білдірушілер биліктің 10 млрд еуро үнемдеу бастамасына, соның ішінде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатты қысқарту жоспарына қарсылық білдірген. Жергілікті түрмелердің бірқатар қызметкері де наразылық акциясына қосылған, алайда кейін олар мәжбүрлі түрде жұмыс орындарына қайтарылған.

Демонстрация бейбіт өткенімен, акция аяқталғаннан кейін тәртіпсіздіктер басталған. Полиция жағдайды бақылауға алу үшін су атқыш машиналар мен көзден жас ағызатын газ қолданған. Бұл туралы Sky News телеарнасының бейнематериалында көрсетілген.

Брюссельден бөлек, Еуропаның 25-тен астам елінде жастар мен студенттер әскери шығындардың өсуіне, өмір сүру құнының қымбаттауына және әлеуметтік мәселелерге байланысты наразылық акцияларын өткізді. 20 қарашада басталған халықаралық қозғалысқа 50-ден астам ұйым қосылды.

Айта кетейік, күз басталғалы Еуропаның бірнеше елінде наразылық шерулері өтіп жатыр. 21 қыркүйекте Францияның Иль-де-Франс өңірінде білім беру жағдайын жақсарту талабымен наразылық акциялары басталды. 29 қыркүйекте мемлекеттік қызметкерлердің жалпыұлттық ереуілі өтіп, полициямен қақтығыстар тіркелді. Франция ІІМ дерегінше, 17 қазандағы наразылыққа шамамен 500 мың адам қатысқан.

Италияда да 17–18 қазанда наразылық шеруі өтті. Қатысушылар жанармай бағасының қымбаттауына, бюджет саясатына және әскери шығындарды арттыру үшін әлеуметтік саланы қаржыландыруды қысқартуға қарсы шықты. Ал 31 қазанда Берлиндегі Бранденбург қақпасының алдына шамамен 5 мың адам жиналып, Германия канцлері Фридрих Мерцтің отставкаға кетуін талап етті.

Көп оқылғандар