Спорт

Рыбакина WTA нұсқасы бойынша жылдың үздік теннисшісі атағына үміткер

Сурет: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) нұсқасы бойынша жылдың үздік ойыншысы атағына үміткер бес спортшының қатарына кірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жеңімпаз 14 желтоқсаннан басталатын аптада белгілі болады. 2026 жылғы маусымда Рыбакина төрт турнирде жеңіске жетті. Оның ішінде «Үлкен дулыға» санатындағы екі жарыс – Australian Open және US Open бар. Екі финалда да ол Арина Соболенконы ұтты.

Нью-Йорктегі жеңісінен кейін отандас теннисші алғаш рет әлемдік рейтингте бірінші орынға шықты және маусымды көш бастап аяқтады. Сонымен қатар Штутгарт пен Нинбода өткен турнирлерде тағы екі титулды иеленді.

Tennis365 басылымы Рыбакинаны марапаттың басты фавориті деп атады. Бұл атаққа одан бөлек Арина Соболенко, «Ролан Гаррос» мен WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы Мирра Андреева, Уимблдон чемпионы Линда Носкова және Рим турнирінің жеңімпазы Элина Свитолина үміткер.

Қазақстанның тағы бір өкілі Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге «Жылдың үздік жұбы» атағына ұсынылды. Олар Дохада өткен WTA 1000 турнирінде жеңіске жетіп, Australian Open, «Ролан Гаррос» және Индиан-Уэллстегі жарыстардың финалына шықты.

Айта кетейік, Елена Рыбакина Tennis Abstract басылымының маусымдық yElo және жалпы Elo рейтингтерінде бірінші орынға шықты. US Open чемпионы болғаннан кейін ол ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен насихатталуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын.

Көп оқылғандар