Сурет: Жайық Пресс
Ақсай қаласында Бөрлі ауданы прокуратурасының жаңа әкімшілік ғимаратының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және сала ардагерлері қатысты. Ашылу рәсімі 6 желтоқсанда атап өтілетін прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылды.
Облыс әкімі жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, прокуратура органдарының заңдылықты қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруды елдің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындады. Әділ қоғам құрудың негізі – заңды мүлтіксіз сақтау және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі. Жаңа ғимарат прокуратура қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың өтініштерін уақтылы және сапалы қарауға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға қажетті жағдай жасайды», – деді Нариман Төреғалиев.
Екі қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай салынып, прокуратура қызметкерлерінің толыққанды жұмысы үшін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл ведомство қызметінің тиімділігін және жүктелген міндеттерді орындау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі мен іс-шараға қатысушылар жаңа ғимараттың ауласына шырша көшеттерін отырғызды.
Мазмұнға өту
