Сурет: Polisia.kz
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында «Пиротехника-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара 10 қарашада басталып, 2027 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады. Полицейлер азаматтық мақсаттағы пиротехникалық бұйымдардың айналымына қатысты заңнама талаптарының сақталуын бақылауға алып, кәсіпкерлік нысандарды, ойын-сауық орталықтарын, қоймаларды, сондай-ақ пиротехникалық өнімдер сатылуы мүмкін өзге де орындарды тексеріп жатыр.
«Пиротехникалық бұйымдарды тиісті рұқсат құжаттарынсыз сату дерегінің екі фактісі анықталып, заңсыз айналымнан 57 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар елордадағы 300-ге жуық білім беру ұйымында пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалану ережелері және оларды заңсыз қолданғаны үшін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда отшашу атқан жас жігіт жауапқа тартылған. Алматыда белгіленбеген орындарда отшашу мен петарда қолданған азаматтарға айыппұл салынады. Қоғамдық тәртіпті бұзып, тұрғындардың тыныштығына кедергі келтіргендер 129 750 теңгеге дейін төлеуі мүмкін. Ал 2027 жылдың қаңтарынан бастап қалада пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты қосымша шектеулер енгізіледі.
Мазмұнға өту
