Басты тақырып

Президент «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасын қабылдады

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, компанияның биылғы он айдағы қызметінің нәтижелері туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Асхат Хасенов компания капиталы 22 триллион теңгені құрайтынын, қаржылық жағдайы тұрақты екенін және жалпы сомасы 16,7 триллион теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

«ҚазМұнайГаз» 2026-2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасын қабылдады. Оның аясында 23 жобаны іске асыру көзделіп, 60 000 шақырым сейсмикалық барлау жүргізу және жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға тең 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр.

Компания қолданыстағы активтерде үнемі қосымша барлау жүргізеді. Атырау облысында Батыс Қарасор және Маңғыстау облысында Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталды.

Жасанды интеллект көмегімен кен орындарының цифрлық телнұсқасы енгізіліп жатқаны айтылды. Тауарлық газ өндіруді қысқа мерзімде 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобалар туралы мәлімет берілді.

Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандарының құрылысы жүріп жатыр, қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасуда.

Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделді. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 800 мың тоннаға өскен.

Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай химиясы зауытының қуатын жылына 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынды.

Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларының, атап айтқанда, полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешені құрылысының барысы таныстырылды.

Аймақтарда іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға айрықша мән берілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.

Президент геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарында жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының құрамын бекітті.

Көп оқылғандар