Сурет: Royal Jordanian
Қазақстан мен Иордания тұрақты әуе қатынасын кеңейту туралы келісімге қол жеткізді. Екі елдің авиациялық ведомстволары аптасына 14 рейс орындауға мүмкіндік беретін меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құжат Монреальда өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігі жөніндегі VII дүниежүзілік конференциясы аясында жасалды. Оған Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева мен Иорданияның Азаматтық авиацияны реттеу жөніндегі комиссиясы комиссарлар кеңесінің төрағасы Дейфалла Фараджат қол қойды.
Келіссөздер барысында Иордания тарапы ұлттық әуе тасымалдаушысы Royal Jordanian компаниясының Қазақстанға тұрақты рейстер ашуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Иордания азаматтарының елімізге туристік бағыт ретінде қызығушылығы артып келе жатқаны айтылды.
«Меморандумға сәйкес Қазақстан мен Иорданияның әрқайсысы аптасына 14 рейске дейін орындай алады. Тараптар екі ел арасындағы әуе байланысын дамыту және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты», делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, конференция аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі 2027 жылы ашылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Мазмұнға өту
