Жайық news

Оралда Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

Сурет: Жайық Пресс

Оралдағы Jaiyq Arena спорт кешенінде тоғызқұмалақтан Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарысқа Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстаннан және Қазақстанның бірқатар өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Турнир ардагерлер, жастар, балалар мен жасөспірімдер арасында өтеді. Жалпы жүлде қоры 1,5 млн теңгені құрайды.

Ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов, оның орынбасары, Батыс Қазақстан облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Мұхтар Манкеев, спорт ардагерлері мен ұлттық спорт түрлерінің өкілдері қатысты.

Облыс басшысы жарысқа қатысушыларды құттықтап, ұлттық спортты дамыту мен мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтауға және дәстүрлі спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бүгінде ұлттық ойынымыз халықаралық аренада барған сайын мойындалып, жарыстардың географиясы кеңейіп келеді. Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған турнирдің Батыс Қазақстан облысында өтуі біз үшін ерекше құрмет. Мұндай жарыстар жас спортшыларға шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп, ұлттық мұраны насихаттауға ықпал етеді», – деді Нариман Төреғалиев.

Іс-шара барысында ұлттық спортты дамытуға елеулі үлес қосқан жаттықтырушылар мен спорт саласының өкілдері «Тоғызқұмалақ қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

Түркияның Амасья қаласында өткен әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған, бес дүркін әлем чемпионы, жерлесіміз Самира Оразмұханбетке ерекше құттықтаулар айтылды.

Халықаралық турнир бес күнге созылады. Жарыс тәжірибе алмасу, жаңа таланттарды анықтау және тоғызқұмалақты халықаралық аренада одан әрі насихаттау алаңына айналады.

Көп оқылғандар