Спорт

«Бернли» бас бапкері Ники Хайен қызметінен босатылды

Сурет: sports24.kz

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев ойнайтын «Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен қызметінен кетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бельгиялық маман Чемпионшиптің 12-турында «Линкольн Ситиден» 1:4 есебімен жеңілген соң қызметінен босатылды. Клуб бұл шешімді ресми түрде жариялап, команданың маусымды сәтсіз бастауымен түсіндірді.

Хайен «Бернлиге» 10 шілдеде тағайындалып, үш жылдық келісімшарт жасасқан болатын. Алайда ол клубта үш айдан астам ғана еңбек етті.

Соңғы матчта Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін алғаш рет негізгі құрамда алаңға шықты. Ол шамамен бір сағат ойнап, орнын Оливер Зоннеге берді.

Кездесудің 39-минутында Андреас Унтонджи «Бернлиді» алға шығарғанымен, үзіліске дейін Бен Хаус есепті теңестірді. Екінші таймда «Линкольн Сити» тағы үш гол соқты: Миккель Ладефогед дубль жасап, Дом Джеффрис бір голдың авторы атанды.

Чемпионшиптің 12 туры қорытындысында «Бернли» сегіз ұпаймен 22-орында тұр. Команда бір жеңіс, бес тең ойын және алты жеңілісті бастан кешірді.

«Бернли» келесі ойынын 31 қазанда өз алаңында «Портсмутқа» қарсы өткізеді. Жаңа бас бапкердің есімі әзірге жарияланған жоқ.

Көп оқылғандар