Сурет: Ақорда
Бүгін Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Форум қонақтары жиын басталмас бұрын Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңіз алып кеткені туралы ақпарат тарады.
Үкіметтік комиссия нақтылаған деректерге сәйкес, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды.
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жайды анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөлетінін мәлімдеп, қайтыс болғандардың жақындарына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
