Сурет: ашық дереккөзден
56 жастағы британдық жүзуші әрі БҰҰ-ның мұхиттарды қорғау жөніндегі елшісі Льюис Пью Иранмен әскери қақтығыс жүріп жатқан кезде Ормуз бұғазын үш күнде шамамен 15 шақырым жүзіп өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ол бұл жүзуді соғыс салдарынан теңіз экожүйесіне келіп жатқан зиянға әлем назарын аудару үшін ұйымдастырған. Сапардың бірінші күні спортшыдан шамамен төрт шақырым жерде жарылыстар болып, мұнай танкерінде өрт шыққан. Соған қарамастан, ол жүзуді жалғастырған.
2026 жылғы наурызда қақтығыс басталғалы Ормуз бұғазында мұндай ұзақ қашықтыққа жүзуге алғаш рет әрекет жасалды. Льюис Пью бұған дейін Солтүстік полюсті жүзіп өтіп, бес мұхитты бағындырған, алайда оның айтуынша, бұл – әскери қақтығыс аймағындағы алғашқы тәжірибесі.
БҰҰ деректері бойынша, әскери қимылдар басталғалы Ормуз бұғазында кемінде 175 кемеге шабуыл жасалған. Олардың шамамен 30-ы ірі мұнай төгінділері мен су ластануына әкелген. Спортшының айтуынша, соғыс кезінде табиғат зардаптары назардан тыс қалып жатады, бірақ мұнай дақтары мен химиялық заттар теңіз экожүйесіне ұзақ мерзімді қауіп төндіреді.
Әсіресе маржан рифтері, мангр ормандары, дюгоньдер, теңіз тасбақалары мен кит акулаларының тіршілік ортасына зиян келуі мүмкін. Осыған байланысты Льюис Пью Ормуз бұғазын мүмкіндігінше тезірек ашып, теңізді ластанудан тазарту қажеттігін атап өтті. Ол бұл жүзу арқылы әскери қақтығыстардың тек адамдар мен экономикаға ғана емес, қоршаған ортаға да ауыр зардап әкелетінін көрсетуді көздеген.
Айта кетейік, Ормуз бұғазында тәулік ішінде 4 танкер зақымданып, отқа оранды.
Мазмұнға өту
